Маған бүкіл қала әлі де тәтті ұйқыда жатқанда, күн нұры көрінбеген кезде ерте ояну ұнайды. 6-7 лердің кезінде терезені айқара ашып, суық ауамен құшырлана дем алсаң, бірден бойың сергіп қалады. Айналаң тып-тыныш, жан адам көрінбейтін бұл мезгілде тек алыста машиналардың зуылдап бара жатқан даусы естіледі. Мұндайда сұрғылт аспанға, алдымдағы көп пәтерлі қабатты үйдің шатырына, араның ұяшығындай орналасқан терезелерге қарап тұру ұнайды. Біраздан соң әр үйдің шатыр-шатырларын жалынымен жалап күн де шығады. Алғашқы күн сәулесіне шомылу қандай керемет десеңші... Әдеттегідей құлағыма ұялы телефонның құлаққабын салып, сергек музыкаға ере күндізгі тіршілік қамына еніп кетемін. Жылы індерінің арасынан ақырындап басқа үй мүшелері де жыбырлай бастайды. Жуынып-шайынып жүргенше, олардың әрқайсысы өзінше бір әдепкі қалпымен «ұйқыдан ояну» рәсімдерін жасап жүреді. Біреуі билеп, таңғы жаттығулар жасаса, енді біреуі таңғы ас әзірлейді. Ал кейбір сәтті күндері ваннадан шығып бара жатып, залда анаң мен әкең қосылып алып билегенін көріп қалсаң, көңіл күйің күні бойы көтеріңкі жүрері сөзсіз. Бәріміздің шулап жүріп таңғы ас ішуіміз, әзілдесуіміз, жоспарларымызбен бөлісуіміз – бәрі де жүрегіме жылу сыйлайтын бағасыз бақыт. Әсіресе үйдің екіншісі болсам да, анам да, әкем де, Ақмоншақ та (әпкем) менің назарымды, көңілімді талап етуі сүйсіндіреді. Біздің үйді «Алтынай, анау қайда, мынау қайда», «Алтынай ананы қалай істейді», «Алтынай, мынаған не болған», «алтынай, былай киінсем қалай» деген сөздерсіз елестету мүмкін емес. Кейде мұның бәрінен шаршап кетсең де, өмірде біреуге керек екеніңді сезіну сені бақытты қылады. Иә, менің өмірімдегі ең жақын достарым да, тіренішім де осылар... Кей мұғалімдердің сабағынан кейін қанаттанып, рухтанып шығасың. Кейбірінен түңіліп, ұнжырғаң түсіп кетеді. Ал енді кейбірінен «уһ, құтылдық па» деп қашып шығамыз. Иә, иә...сабағында өткізген уақытыңа жаның ашитын мұғалімдер де болады. Кейбір сабақтар санаңды кеңейтіп, өмірге деген көзқарасыңды аша түссе, кейбірінде керісінше, барлығымыздан бірдей ойлайтын роботтар дайындап жатқандай бірдей ойлауға итермелейді. Кейде тезірек үлкен өмірге аяқ бассақ деп, ал кейде осындай жайбарақат кездер бітпей-ақ қойса ғой деп білім ошағынан кете барамыз. Үйге ертерек оралғанда, әрқашанда есіме мектепте оқып жүрген кезімдегі студенттерге қызыға қарайтыным еске түседі. «Бүгін 2 пар болды» деп келіп жататын аға-әпкелеріме қызғана қарап, 6-7 сабақтан шаршап мен келетінмін.Болашақ өміріме арман құрып, үйге де жетемін. Ал кейде жай ғана үйде отырып кітап оқимын немесе киноға барамын. Бұл нәрселер адамды итжығыс тіршіліктен бір уақыт алыс әкететін, жаныңды жаймашуақтап, тігісін жатқызатын дүниелер ғой. Келешекте өмірімді осы әдебиет, кино, мәдениет саласымен байланыстырсам екен деп қиял құсын құшырлана ұшырып ұйқыға батамын.